«ҚАН ТАПСЫРЫП, ӨМІР СЫЙЛА»

8 ЖЕЛТОҚСАН 2015 жылы ҚазҰМУ нутрициология кафедрасы, Әлеуметтік-тәрбие жұмысы бойынша басқармасы  Алматы қалалық.қан құю Орталығымен бірге «Донор күні» акциясын өткізді. Шара университеттің 2 корпусының фойесінде өтіп, Студенттік ұйым «KazNMU Students» жастары мен студенттік кәсіподақ ұйымы «Аманат» қолдау көрсетті.

Әлемде күн сайын  миллиондаған адамдар донор қанына мұқтаж болады. Қанды көп қан жоғалтумен өтетін ауыр жарақаттар, операция, босану т.б ауыр дерттерде құяды. Қан тапсыру — донор үшін қандай маңызы бар? Егер адам абсолютті дені сау болса, жасы 18-60 арасындағылар үшін, 400-500 грамм қан тапсыру денсаулыққа ешқандай зияны мен қауіптілігі жоқ. Қан түзуді ынталандыру арқылы, организм қайта жаңарумен  иммунитетті ынталандырып, нығайтады. Өлген эритроциттердің утилизациясына қатысатын ағзалар үшін де бұл жүктемені азайтудың жолы. Бұл жүрек қан-тамыр жүйесінің, иммундық жүйе ауруларының, бауыр жұмысының бұзылыстарын алдын алуға көмектеседі.
Акция сағат 11.00-ден 15.00-ге дейін жоспарланған, бірақ донор болуға ерікті студенттердің легі өте көп болғандықтан шараны сағат 16.30-ға дейін созылды. Акция барысында нутрициология кафедрасының доценттері Ли М.В., Хасенова Г.Х., Чуенбекова А.Б. дұрыс тамақтану және әсіресе анемия кезіндегі тамақтану жайлы кеңес берді. Алматы қалалық қан құю Орталығының мобильді оперативті бригадасы жоғары деңгейде тынбай қызмет көрсетті. Төрт сағат ішінде 150 адам қабылдап, оның ішінде басым бөлігі дәрі-дәрмектер қабылдау (аспирин, гормоны т.б.), жүктілік, анемия, гепатит т.б. қарсы көрсеткіштерге сай, донордың және донор қанын қабылдайтын пациенттердің   қауіпсіздігі үшін тізімнен 66 адам шығарылды.  Бір күнде 84 донор 350 мл-ден қан өткізіп,  жалпы 29,4 л донор қаны жиналды. Донор қаны – бұл науқастар үшін оларды емдеудегі ешбір теңдессіз емдік зат.  Өмірде көп жағдайда мол қаражаттың, қымбат медициналық  аппаратура, дәрі-дәрмектің болғанына қарамастан, пациент өмірін дер кезінде құйылған бір тамшы қан құтқарады. Тек қажет топтағы донор қаны өмірді ұзартады. Біздің университетіміздің жастары мен ПОҚ-ы, әсіресе «KazNMU Students» студентік ұйымының жастары аса маңызды қомақты үлес қосты.  Олар өздері қан тапсырып, басқа жастардың өмірге үміт сыйлауға мүмкіндік беретін донор болуына қозғау болды. Өйткені дәрігер мамандығы осындай игі қайырымды қадамдар жасаумен қалыптасады.         

«ҚАН ТАПСЫРЫП, ӨМІР СЫЙЛА» акциясы Әлеуметтік-тәрбие жұмысы басқармасының бастығы Сұлтанова М.Т. мен нутрициология кафедрасының аға оқытушысы Қожахметова А.Н. жоғары деңгейде ұйымдастыруымен  сәтті өтті.