Тьюторлық сағат «Ата заңым-айбыным»

Тьюторлық сағат «Ата заңым-айбыным»

Тьюторлық жетекшілік ететін 3 — курс «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығының 1,2 топ студенттерімен егеменді мемлекетіміздің ресми мерекесі Конституция күніне байланысты «Ата заңым-айбыным» тақырыбында тьюторлық сағат болып өтті. Студенттер осы тақырыпта арнайы реферат дайындап, топ арасында өзара қызу пікір алмасты. Аумағы ұшқан құстың қанатымен, жер апшысын қуырған тұлпар тұяғының дүбірімен өлшенген кең де келісті өлкені мекендеген қазақ халқы, ел болып егемендік алып, еңсесін тік ұстап, туын көтеріп осыдан 18 жыл бұрын, яғни 1995 жылы тамыз айының 30 күні тәуелсіз ел — Қазақстан Республикасының Ата Заңын (конституциясын) қабылдап, үш жүз жылдан аса уақыт еркіндігінің темір құрсауы қамытына айналған бодандықтан құтылып, тарихтың жаңа үрдісіне бет бұрып, бостандық, тәуелсіздік жолына түстік. Ғасырлар тоғысында асқақтай көтерілген Тәуелсіздік туы ел өміріне елеулі өзгерістер енгізді. Сан жүз жылдар бойы ата-бабамыз армандаған егемендікке қол жеткіздік. Ішкі-сыртқы саясатымызды ұлттық мүдде арнасында жүргізіп, демократиялық даму жолына түстік. Зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың берік іргетасын қалап, өркениет көшінің бел ортасынан орын алғанымызды бүкіл әлем жұртшылығы мойындауда. Өндірістегі іркілістер мен дағдарыстарға қарамастан Республика тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімі нығая түсуде. Халықаралық аренадағы, экономикадағы, әлеуметтік-тұрмыстық саладағы қол жеткен оң жетістіктеріміздің барлығы мемлекеттігіміздің сара саясатын айқындап берген Ата Заңымыз — Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады.

Негізгі мақсатымыз егеменді еліміздің ертеңгі жарқын болашағы-білімді жастарымызды отан сүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу болып табылады. Қазағымыздың намысын биік ту ретінде жоғары ұстайтын, ата бабамыздың салып кеткен сара жолын білімімен, жауапкершілікпен, намысқойлықпен өткеріп, келешек ұрпаққа мирас ретінде қалдыру бүгінгі жастардың міндеті.

Осынау қол жеткізген жетістіктерді баянды ете отырып оны ары қарай жалғастыру, елінің ертеңін ойлайтын әрбір азаматтың және бүгінгі білім алып отырған жастарымыздың абыройлы борышы екендігі даусыз.

11-300x225