«Бүкіләлемдік ұстаздар күні» атты мерекелік іс-шара

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. «ҚДСМПМІжМ» факультетінің тәрбие жұмысының жоспарына сәйкес 2016 жылдың 28-ші қарашасы күні Мәншүк Маметова атындағы №1 аудиторияда сағат 14.00-15.00 аралығында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің профессорлық-оқытушылық құрамы мен белсенді студенттердің эпидемиология кафедрасының құрметті профессоры, Аспетов атындағы «Вакцинология» мектебінің негізін қалаушысы, медицина ғылымдарының докторы Әміреев Сәкен Әміреұлымен «Бүкіләлемдік ұстаздар күніне» орай кездесу өткізілді. Тәрбиелік мәні зор кездесу нутрициология және еңбек гигиенасы кафедраларының бастамасымен ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара бағдарламасы нутрициология кафедрасының оқытушысы Сукенова Д.А. және еңбек гигиенасы кафедрасының оқытушылары Арынова Г.А. және Сайлыбекова А.Қ. бірлесіп дайындалып, «ҚДСМПМІжМ» факультетінің деканымен келісіліп, бекітілді.

Іс-шараның мақсаты – университет құндылықтарының бірі – студенттерді ұстаздарды құрметтеуге үйрету, туған еліне және өз мамандығына деген мақтаныш сезімдерін тәрбиелеу.

Мереке қонақтары: медицина ғылымдарының докторы, профессор Әміреев С.Ә., ҚазҰМУ әлеуметтік-тәрбие жұмысы бойынша проректор Джумашева Р.Т., ректор кеңесшісі, профессор Мустафина Ж.Ғ., «ҚДСМПМІжМ» факультетінің деканы Давлетов Қ.Қ., тәрбие жұмысы бойынша декан орынбасары Уважанова А.С., студенттік декан Дабаров Абзал, «Нутрициология», «Еңбек гигиенасы КГ және БмЖГ курсымен» кафедраларының ПОҚ және кураторлық топтары.